Показать язык
Подмигнуть
Аскар Наймантаев нет на сайте
 
asautay
Пол: мужской
Возраст: 53
Город: Алматы
Страна: Казахстан
Режиссер театра и кино, актер, сатирик.
На данный блог подписано 2 пользователя (+)

НАВЕРХ

БІЛТЕ - Өнер академиясы

- АКТЕРДЫ? АЛТЫ АЙДА ? - деп мырс ете қалғандар бар ептеп.
Өнер академиясында да дәріс бергенімді айта кетейін. Төрт жылға сабақты да, сағатты да қолдан "созуды" көріп, біліп келгемін. Профессор ұстазымыз "Білгеніңді бірақ сарқып тастама, қалған үш жылда неңді айтасың?" - дегеніне таң қалғамын. )))
Аптасына бес күн, алты ай оқыту кестесін он ойланып, мың толғанып жасадық. Голливудтың актер өнері мектептерінің, Ресейдің, Грузияның студияларының бағдарламалары, кітаптары біраз ақтарылды. Алты ай кеңінен жетеді!
Өнер академиямызда келесі алты ай "В" сатысы, одан кейінгісі "С" сатысы болады. Оларды оқу-оқымау өз еріктеріңізде. Ол сатылардың мақсаты кәсіби біліктілікті жетілдірумен қатар ағылшын тілін де баса оқытып, үшінші сатыда Голливуд, Еуропа мектептеріне тәжірибе алмастру, студенттер жіберу. Оны да оқимын десеңіз - келіңіз! Алдымен бірінші алты айға қабылданып алыңыз. 
Кеше алғашқы қабылдау өтті. Ғимаратымыз үлкен емес, шамамызға қарай шектейміз адамды. Кеше келгеннің көбіне көңіл толды. Даярлығы да ерекше жастар келді.
AB PRODUCTION орталығында өзге жұмыстар да қызып жатыр. Мен бір фильм түсіріп бастадым. Жақында толық метражды комедияның түсірілімі қолға алынады. Сатиралық телевизия жобасы әзір тұр. Өзге де ТВ жобалар, дубляж цехының жұмыстары бар."Білте" өнер академиясына келгендер сол тірліктің қақ ортасында жүреді. Кеше келіп, орталықты көзбен көргендер осы айтқандарымның рас екеніне көзі жетіп, құлшынып, көкірегі сайрап кетті. Қапы қалып, кешікпей келіңіздер. Телефон, мекен жай төмендегі суретте



08 августа 2018 13:03
НАВЕРХ

Асқар Наймантаев. Өмір жолы.

Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев. 1965 жылы, 17 маусым күні, Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Нарынқол селосында туылған.

Әкесі, Әбдіғалым Наймантаев пен анасы Рафия Райжанова 1963 жылы Дәнеш Рақышевпен бірге,Панфилов ауданында, Үшарал халық театрын ашуға ат салысып, өз өнерлерімен көзге түсіп, Мәскеу қаласына барып қайтады. Осы сапардан кейін екеуін Нарынқол халық театрына шақырады. Әбдіғалым Наймантаев  – Нарынқол халық театрында актер, суретші кейіннен сол театрдың бас режиссері қызметін атқарған. Әбдіғалым Наймантаев театр сахнасында төмендегі спектакльдерді сахналап, бірнеше дүркін Бүкілодақтық, Республикалық байқаулардың лауреты атанған:

  1. Назым Хикмет «Елеусіз қалған есіл ер»
  2. Ғабит Мүсрепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Болашаққа аманат»
  3. Садықбек Адамбеков «Аюбайдың ажалы»
  4. Баққожа Мұқай «Иірім»
  5. Бердібек Соқпақбаев, Баққожа Мұқай «Өлгендер қайтып келмейді»
  6. Оразбек Бодықов «Қарақұм трагедиясы», «Дала тұтқыны», «Қылмыстың аты қылмыс», тағы да басқа ондаған шығармаларды сахналаған.

Нарынқол халық театры 1970 жылы Мәскеу қаласында керемет өнер көрсетіп, Бүкілодақтық байқаудың лауреаты атағына ие болады.

Анасы, Рафия Райжанова – Нарынқол халық театрында актриса, әнші, биші болған. Дүние жүзі халықтарының биін билеп, 18 тілде ән айтатын.

Асқар туылған жылы Нарынқол халық театрының репертуарында М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектаклі жүрген. Анасы Еңліктің ролінде ойнайды. Қырқынан шықпаған Асқар ең алғаш осы спектакльге шығады. Соңғы актідегі Еңліктің баласының орнына артистер жөргекте жатқан Асқарды алып шыққан екен. Міне, сахналық тұсауы осылай кесілген Асқар содан бері сахнада.

Асқар Наймантаев 1972 жылы, Нарынқол селосындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы сегіз жылдық мектептің бірінші класына барады.

1977 жылы Нарынқол халық театры Н.К. Крупская атындағы колхозға (қазіргі Қайнар ауылы) ауыстырылады. Сол себепті Қайнар ауылына көшіп, Асқар Наймантаев 1982 жылы Н.К.Крупская атындағы Қайнар орта мектебін алтын медальмен аяқтайды.

1982-1985 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтында, финанс және кредит факультетінде оқиды. 1984 жылы әкесінің аяқ астын қайтыс болуына байланысты, академиялық демалыс алып, ауылына қайтып келіп, халық театрында жұмыс істейді, режиссер ретінде спектакльдер қояды.

Асқар мектепте оқып жүргенде режиссер ретінде ең алғашқы спектаклін алтыншы класта оқып жүргенде сахнаға қояды. Мектеп сахнасында ол бірнеше спектакльдер қойып, рольде ойнап, аудан, облыс көлемінде белгілі болады.

1985-1989 жылдары Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтына, Кеңестер Одағының халық артисі Хадиша Бөкеева мен Қазақстан Республикасының халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың класында білім алады. Соңғы курста оқып жүргенде Лениенград қаласында, белгілі Ресей театр саңлақтарынан тәжрибе жинақтау сабақтарын алады.

1989 жылы институттың дипломдық спектакльдерінде (А.Вампилов «Қос қыршаңқы қалжың» аударған Т.Жаманқұлов, К.Гальдони «Қонақ үйдің қожасы») басты рольдерде ойнады. Режиссерлық қабілетін байқаған ұстаздар сол курстың дипломдық спектаклін, К.Гальдонидің «Қонақ үйдің қожасы», сахналауына мүмкіндік береді. Бірақ, режиссерлық дипломы жоқ студент дипломдық спектакль қоюға болмайды деген кедергі болып, кейіннен Нұрқанат Жақыпбаев сахналайды. Оның дипломдық спектакльдің бірі, «Метрампаж деген не?» комедиясындағы ролін КСРО халық артисі, сол жылдары М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының Бас режиссері Әзірбайжан Мәмбетов көріп, бірден М.Әуезов театрына шақырады. Оқу бітіре сала әкем театрына қабылданып, театр сахнасында даярланып жатқан Ж.Тәшенов пен И.Савиннің «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды» комедиясындағы басты кейіпкер Нұртазаның ролін алады. Әкем театр сахнасында:

  1. Ж.Тәшенов, И.Савин «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп щақырды». Режиссері Әзірбайжан Мәмбетов, Нұртаза ролі.
  2. Ш.Айтыматов «Ғасырдан да ұзақ күн». Режиссері Әзірбайжан Мәмбетов, Сәбитжан ролі.
  3. Ж. Аймауытов «Ақбілек». Режиссер Асанәлі Әшімов, Балташ ролі.
  4. М.Мақатаев «Қош махаббат» Режиссер Болат Атабаев, Қасым ролі.
  5. Б.Римова «Қос мұңлық» Режиссер Болат Атабаев. Алдан ролі.
  6. М.Әуезов «Айман-Шолпан» Режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, Жарас ролі.
  7. М.Әуезов «Қаракөз» Режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, Асан ролі.
  8. Е.Аманшаев «Үзілген бесік жыры». Режиссер Әубәкір Рахимов.
  9. Р.Мұқанова «Мәңгілік бала бейне» Режиссер Болат Атабаев.
  10. М. Гаппаров «Тұзды шөл». Режиссер Т. Жаманқұлов.Президент ролі сияқты үлкенді-кішілі бірнеше образдарды сомдады.

Театрдағы жастар кештерін, ойын-сауық кештерін ұйымдастырып, сценарий жазып, сахналап жүрді. Көпен Әмірбектің «Па, шіркін, пародия!», «Көпен келе жатыр» кештеріне қатысып, режиссері болды. Қазақстан Республикасының халық артисі Нүкетай Мышбаеваның 60 жасқа толуына орай қойылған мерекелік кештің сценарий авторы және режиссері болды. Осы кеште оның әзілге бейім екенін, сценаридің тілінің езу тартқызар шешендігіне риза болған Тоқсын Құлыбеков Асқарға «Тамаша» ойын-сауық отауында өтетін өзінің шығармашылық кешінің сценариін жазуға ұсыныс жасайды. Сценарий дайын болғанда «Тамаша» ойын-сауық отауының режиссері Ұлықпан Есеновке барып өзі оқып береді. Ұлықпан Есенов сценариді қабылдап, Асқардың өзін «Тамашаға» жұмысқа шақырады. Сол сәттен бастап «Тамашада» театрмен қатар қызмет істей бастайды. Тоқсын Құлыбеков ол кездері Қазақ радиосымен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында режиссер болып қызмет атқарған. Тоқсын екеуі филармония ішінен сатира театрын ашуды жоспарлайды. Бірақ, Тоқсын ағамыздың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты ол жоспар іске аспай қалып қояды. 1998 жылы Ұлан Нүсіпәлиев екеуі ақылдаса келе сол жоспарды іске асырады. «Терісқақпай» комедия театры» ашылады. «Терісқақпай» Ұланның мәшинесінде ашылды» - деген журналист сауалына берген жауабы бар. Ұлан екеуі алғашқы тележобасын жасап, НТК арнасының редакторы Аманғали Жақсыбаевқа алып барады. Екеуінің қолдан жазған жобасын, өздерінің сөздерін тыңдап, Аманғали Жақсыбаев НТК арнасында «Терісқақпай» жобасының ашылуына көмек жасайды. «Терісқақпай» тележобасы осы арнада тұрақты түрде үш жылдан аса эфирге шығып тұрады. «Терісқақпайдың» алғашқы құрамына Қадырғали Көбентай, Мұқаметжан Мырзакеев, Дархан Дайырбек кіреді. Кейіннен Олжас Сыдықбек, Айжан Дәулетбақова, Айгүл Ізімбетова сияқты жастар қосылады.

 «Тамаша», «Бауыржан шоу», «Аққу-Гәкку» театрларының авторы болды.

«Қазақстан» Ұлттық арнасында 2006-жылы «Қымызхана» хабарын қайта жандандыру жобасы жасалып, Асқар Наймантаев сценарий авторы ретінде ат салысып,кейіннен қоюшы режиссер болады.

2007 – жылы Ералхан Әбішев «Мұрагер» продюсерлік орталығына Асқар Наймантаевты көркемдік жетекші қызметіне шақырады. 2007-2013 жылдар аралығында «Мұрагер» продюсерлік орталығы Республика көлеміне танымал бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырады. Олар:

  1. «Бүгін менің туған күнім»
  2. «Ретро жұлдыздар» шақырады»
  3. «Қазақша дискотека»
  4. «Айтыңыз қабыл болсын»
  5. «Жаңа жылға  - жаңа жұлдыздар»

Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының колледжінде актер шеберлігінен, академияның өзінде сахна тілі, актер шеберлігі пәндерінен дәріс берді. Актер шеберлігі, сахна тілі өнері бойынша бірнеше ғылыми мақалалардың, «Теріс кітап», «Алтын тордан шыққан ән», «Конфернасье. Актер және көркем сөздің шебері» атты кітаптардың, авторы. Жазған пьесалары:

«Жоғалған жаңа жыл»

«Күн астындағы Күнікей қыз»

«Қабылдау бөлмесі»

«Көктен түскен көңілдес» және Тимур Зульфихаровтың «Алтын тордан шыққан ән» драмасын, Әзиз Несин шығармаларын, бірнеше пьесаларды орыс тілінен аударған.

Режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмінде полковник ролін ойнады. Бірнеше комедиялық сериалдарға түсті. «Домашние войны» сериалына ең басында Шыңғыс ролін ойнайтын актер ретінде қабылданды. Кейіннен сценариіне де ат салысып, кейіннен, Алексей Кирющенко, Кирилл Бин бастаған сериалдың үшінші маусымын қоюшы режиссер ретінде түсірді. «Бастық боламын», «ОрыStar в Шымкентте» сериалдарында да басты рольдерді сомдады. Тағы да бірнеше сериалдың авторы, аудармашысы ретінде ат салысты.

Театр режиссері ретінде Жамбыл облыстың қазақ драма театры сахнасында Оспанхан Әубәкіровтың «Терісқақпай» комедиясының және шығармаларының желісімен «Ңөң» атты комедияны қойды.

Өзінің жеке «Таланттар мектебін»  ашып, онда балаларды, жастарды актерлік шеберлікке баулиды.

 

Асқар Наймантаевтың анасы Рафия Райжанова

Асқар Наймантаевтың әкесі Әбдіғалым Наймантаев.

05 августа 2017 12:16
НАВЕРХ

250-ші "Қызық кәнсерт"

Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығына орай "Елімнің еркін күлкісі" атты жоба бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, режиссер, "Терісқақпай", "Тамаша" театрларының тарланы Асқар Наймантаев "Қызық кәнсерт", "мАСҚАРа шоу" - атты жеке концерттік бағдарламасымен Республикамыздың бірнеше облыстарын, атап айтсақ; Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан сияқты облыстардың барлық аудан, ауылдарын аралап, тағы да бірнеше оқу орындарында кездесу-концерт беріп, болашақ актерлар даярлайтын оқу орындарында шеберлік класын өткізіп жүргені көпшілікке аян. Гастрольдік сапары өткен жерлерден көпшіліктің алғысына бөленіп,облыс, қала, аудан, ауыл әкімшіліктерінен алғыс хаттар алып, жүрген жерлерінде көңілді бір серпіп тастайтын керемет кештер өткізіп келеді. Өзінің осы жобасын 25-жылдыққа арнаған актер: "Мен бұлай ұзақ және көп концерт, кештер, кездесулер өткіземін деп ойламап едім. Енді міне, санап отырсам екі жүзден асып кетіпті. Жақында 250-ші болады! Қазіргі кезде сахналық әзіл өзгерді, көрермен мені қабылдай қояр ма екен? - деген уайым да болды. Жоқ, көрермен сағынып отыр екен. Әсірсе жастар жағынан "Сіздің әзілді көріп өстік, келгеніңіз, көргеніміз жақсы болды!" - деген сөздерді естігенде шынымен қуанып қаламын. Ақтүтек боранда көлігіміз қарға көміліп, далада қалдық. Еліміздің әлі жол слынбаған ауыл тіпті аудандары бар. 300-400 шақырым жолсызбен жүріп, бір тамшы су таппай кеберсіген кезіміз де болды. Балшықта адасып, түн жарымда бір шағын аулға жетіп, ертесі бүкіл ауыл өтініш жасаған соң, тегін концерт беріп аттанған кезім де болды. Небір қызық өтті ғой..."

"Елімнің еркін күлкісі" жобасы енді Маңғыстау облысына бет алды. 250-ші концерт Ақтау қаласында, қарашаның 28-күні, Маңғыстау облыстық филармониясының залында өтеді.

"250-ші "Қызық кәнсертте" көрерменге де әзілден басқа біраз сыйлық жасасам деген ойым бар" - дейді Асқар Наймантаев.

Тәуелсіз елдің еркін күлкісін паш еткен актерге ақ жол тілейік!

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Отаралы Көлжан.



17 ноября 2016 08:11
НАВЕРХ

"Па, шіркін!" - күлкілі монологтар кеші.

Бұл кештің ерекшелігі де осы - монологтар. Әзіл театрларының актерлары сахнада интермедиялар арқылы көптеп таныс. Ал, олардың жеке монолог орындағаны аса есте қала бермейді, оның үстіне олардың монолог орындау шеберлігін көрсетер мұндай кештер болған емес.

"Па,шіркін!" кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Данагүл Темірсұлтанова, Гүлбаушан Тлеубекова, Асқар Наймантаевтармен бірге Нұржан Тұтов, Қайрат Құдайберген, Қадырғали Көбентай, Бауыржан Орда, Саттар Ерубаев, Бақыт Әліпбаева, Дархан Дайырбек,Алма Салихова сынды танымал артистер сатиралық, музыкалқ, пародиялық монологтарымен өнер көрсетеді.

Эстрадалық концерттердің классикалық тәртібіне сай сыйқыршылар, пантомима шебері Ернар Бейсенбек, Баянауылдық экстримал-шоумен Жеңісбек Қадырұлы сияқты өнерпаздар да ат салысады.

Актерлар өздері әзіл әндер орындайды, солармен қатар Павлодарлық танымал әзіл әндер дуэті "Бәке мен Сәке", Ершат Қайырхан, Ералхан Әбішев, Маржан Аубакирова, Данияр Барыс, Бауыржан Оспановтар қатысады.

Концерт 7.02.2016 -күні, Алматыда, "Қазақконцерт" залында 18.00-де өтеді.

21 января 2016 18:14
НАВЕРХ

КҮЛКІ - көрінгенге қонар бақ емес!

Асқар Наймантаевтың "Қызық кәнсерт" атты моноспектаклінің премьерасы болып өтті. Сол спектакльге байланысты және спектакльде айтылатын монологтардан үзінділер ұсынамыз.

Қадырғали Көбентай (Актер, композитор,әнші): "Беті жылтыраған саз бет!" - дегенге самаурын тамаша ұқсап тұр! Дәл өзі ғой! )))
Ақсақ Темірді жақсы қосыпсың,.. оңдырмадың енді...
Белгісіз көрермен: "Саған керегі осындай күлкі ғой!" - дегенде шапалақпен бетімене сарт еткізгендей болды. Соған мен де күліп отыр едім... бәріміз күліп жүр екеміз ғой...
Айша(көрермен): "мен де сол кезде ұялып кеттім... елден ерек мен ғана күліп отырған сияқты болдым. Қаншама жыл сол әзілге сай күлкімен жүре беріппіз ғой...

Айкерім (КазМУ студенті). "Моноспектакль" дегенді бірінші рет көруім. Аузым ашылып қалды. Бір адам бірнеше образ жасады, аяқталған кезде қарасам сахнада тек қана Асқар ағай ғана. Көп адам көрген сияқты әсерде қалдым, айтарым көп енді... бірақ көргенімді ой елегінен өткізіп алайын... роль де қойылым да, айтылған сөздер де керемет!

Монологтардан:

"БІЗДІ сахнада көрсетпеңдер! БІЗ туралы ауыз ашпаңдар!" - дейді...
... Не?, ... Немене? "Бізді сахнада..."
Дәмесінің зорын! Егемендік алғалы ес жиғаны елден қашып, төбе көрсеткені түрмеге отырып, содан қалғаны Сендер емессіңдер ме? .... өздеріңді МӘРТЕБЕЛІ сахнадан ойнайтын ТҰЛҒА болдық деп ойлайсыңдар ма?
Оу, көкелерім-оу, сендер сахнада ойнайтын кейіпкерге жарасаңдар біз неге ҚАТЫН болып киініп жүрміз?!
Дәмесінің зорын! "Бізді сахнада...."......

 Ақсақ Темір:


"... Жүрек жұтқан жолбарысы болмаса, шүйебөрі той жасайды бұл елде!

.... бір батырдың болмауы жиіркендіріп тұр мені. Айналам толы жағымпаз, 
бүгілген бел, жығылған жауырын.
Бас көтерер пенде жоқ...Ең болмаса біреу бар ма, маған тіке қарайтын,
ең болмаса біреу ғана, қайсар кірпік,өткір көз маған тура қадайтын?! 
Арыстанға қарсы шабар бір жау жүрек болу керек бір елде.
Онсыз өмір қызық емес.
Тайталасар жан болмаса,тақта отыру сән емес!" ,...

Асқар Наймантаев: Бұл қойылымға "көрермендер" емес "көңілімендер" келеді. Талабы мен талғамы биік көрерменге арналған. Топырлап жұрт басып қалатын шоу емес.

Телевидениеге түсіруге болмайды. Сахналық дүниені тек қана сахнадан, бетпе-бет отырып көру керек.

                                                                                                         Сақан Сері (Сағындық)







20 декабря 2015 10:17
НАВЕРХ

ТЕҢГЕ - ТЕРМЕ (сатира)

Мына теңге қай теңге?

Келмейтұғын бір жөнге,

«Тумай туа шөккір!» – деп,

Қарғағандай бір жеңге.

«Теңгем бар!» - деп әйтеуір,

Мақтанады құр кеуде,

Құны жетпей қалды ғой,

Қарынды желмен үрлеуге,

Туылғалы бұл сорлы

Жетпей жатыр күрмеуге.

Келуі де бір демде,

Кетуі де бір демде.

Асыл теңге, ақ теңге,

Қазаққа ғана шақ теңге.

Өзекті жарып шықсаң да,

Үкіметке жат теңге.

Біреулерге күн көріс,

Біреулерге тақ теңге,

Кейбіреге талғажу,

Кейбіреуге бақ теңге.

Өзекті жанға алданыш,

Қомағайға жақ теңге.

Сабан болдың сен дағы,

Енді тыныш жат теңге.

Абай менен Сүйінбай

Теңгеден өшті бұйырмай,

Ұзаққа жетпей қалды ғой,

Құрманғазы күйің де ай!

Шоқан менен Жәңгірдің

Жолы сосын қиылды ай,

Айналайын Фараби

Қалтамызға жиылды ай,

Көмейлерге құйылды ай,

Парақорлар тәп-тәуір,

Фарабиге сыйынды ай,

Енді міне ол күнің

Теңгетайым қиылды ай!

Көзден ұштың құйындай.

Доллыр, доллыр, доллырды,

Доллырды қолға қондырды,

Теңесе алмай доллырмен,

Теңгетайым болдырды.

Арты кеме тартқандар,

Теңгеден доллыр жондырды.

Құмарын доллыр қандырып,

Теңгемізді солдырды,

Доллыр піскен тандырды,

Теңгеменен жандырды,

Доллырды көкке көтеріп,

Теңгені жерде қалдырды.

Көшемізде желге ұшқан

Теңге көрер ме екенбіз,

Бір доллырға бір арба

Теңге берер ме екенбіз,

Құрбан қып кеден шартына

Көрге берер ме екенбіз,

Доллырдағы суретті

Төрден көрер ме екенбіз,

Қомағайдың қарызын

Мәңгі төлер ме екенбіз,

Болғанда жұрдай бәрінен

Жөнге келер ме екенбіз.

Отар елге жол салып

Тасты да тескен бұл доллыр,

Көк жендеттің қолында

Басты да кескен бұл доллыр,

Жанкештінің белінде

Бомбы да болған бұл доллыр,

Саясат сайқал қолына

Оңды да болған бұл доллыр,

Екі үйді зәулім құлатқан

Ұшақ та болған бұл доллыр,

Шоқпарын жеңге жасырған

«Құшақ» та болған бұл доллыр.

Ту сыртыңнан соғылған

Пышақ та болған бұл доллыр.

Еркін жүрген елікке

Тұсақ та болған бұл доллыр.

Айтарым осы аза еді,

Теңгеге келген жаза еді.

Доллырдың қолы былғанған

Қаннан теңгем таза еді.

Көргені теңге той болса

Доллырдікі қаза еді.

Мұңайма, теңге, мұңайма,

Тапсырдық бәрін құдайға.

Көктегі бәлкім тәңірім

Біздерді солай сынай ма?

Күндердің күні болғанда

Теңгені қайта сұрай ма,

Обалыңа қалғандар,

Тозақта күйіп, жылай ма,

Тозығы жетіп бір күні

Доллырда жерге құлай ма,

Кім білсін, теңге, кім білсін

Тәңірім солай сынай ма?

Асқар Наймантаев.

21 августа 2015 19:11
НАВЕРХ

"Беймарал" таланттар мектебіне кастинг!

КАСТИНГ ! КАСТИНГ ! КАСТИНГ !

(Отініш, озініз мукият окып,достарынызга да таратыныз!)

 

Актер шеберлігін, ТВ жургізуші жане ТВ журналистикасы, анші, биші, суретші, домбыра, киім тігу, сыйкыр онеріне окытып, даярлайтын косымша білім беру мектебі – «БЕЙМАРАЛ» таланттар мектебі».

  Мектепке 7-25 жас аралыгындагы уміткерлер сабактан, жумыстан бос кездерінде, оз калаган уакыттарында келіп оки алады. Мектепке КАСТИНГ аркылы кабылдаймыз. Уміткер колынан келген онерін (ан салу, билеу, такпак айту, домбыра тарту сиякты) даярлап келуі керек.

  Окушылар оку барысында ТВ, кино, сахналык жобаларга, фестиваль, конкурстарга катыса алады.

Белгілі жулдыздармен сукбат откізіп, мастер класстар жасаймыз. Сценарилер жазуды уйретеміз. Ен уздік сценарилерді жинак етіп кітап шыгарамыз. Бул болашак журналистерге керек деп ойлаймыз.Турлі концерттік жобаларга усынамыз.

Бітірген сон СЕРТИФИКАТ беріледі. Мектеп директоры Аскар Наймантаев.

  Мектеп  - АКЫЛЫ, бірак, осындай баска мектептерден арзан. Багасын

кастингтан откен сон білесіздер.

   КАСТИНГ казір журіп жатыр.

АЛМАТЫ, Жубанов кош.94., (Правда, Сайын кошелерінін ортасы) «Шубат» кафесінін артында.

 ЖУМА,СЕНБІ, ЖЕКСЕНБІ  куні сагат 10.00-20.00 аралыгында кутеміз!

Тел: +7 702 938 4868, 276-23-27. E-mail: beytalant@mail.ru

КЕЛІНІЗДЕР!

Окушыларымыз бен студенттеріміз «Жана жылга –жана жулдыздар» кешін откізіп, «Алматы», «Жетісу» арналарынан корсетті. Енді Мукагали акыннын туган куніне «Бугін менін туган кунім» жане «Ой, тоуба» атты конілді ТВ жобалар тусіріп жатырмыз. Суреттерін beytalant@mail.ru тан коре аласыздар.

26 января 2013 15:44
НАВЕРХ

Асқар Наймантаев. "Әріптердің әлегі"

 

 

                                               Асқар  Наймантаев.

                           «Әріптердің әлегі»

                                             

   ********************************************************

 

–       Ерігіп отырғанша, ертегі айта отырайық, ағайын.

                               Ерте, ерте, ертеде,

                               Ешкі жүні бөртеде,

                               Кім білсін кеш пе ерте ме,

                              Әйтеуір, юбканың етегі келтеде

                               Беймәлім бір заманда,

                              Сектаның бәрі аманда,

                              Ала ауыз бір қоғамда,

                               Мынандай іс қаралыпты:

Әлқиса, 42 әріп мекен еткен елді, кезінде бір ауыздан сайланған «А» деген әріп басқарыпты.(Сайлаудың протоколдары сақталмағандықтан, бір ауыздан сайланғанына амал жоқ сенесің) «А» әрпінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болыпты. «А»-ға қарсы шыққан кейбір әріптер басынан соққы тиіп «сұрақ белгісіне» айналып кетеді екен, немесе, қара жерге қазық қып қағып, «леп белгісін» жасап қоятын көрінеді. Ал енді қатты қаһарына іліккендерді турап-турап «үтір»,  «нүкте» жасап, тұқымын тұздай құртып, шашып жібереді екен!

      Бір күні сол айбынды «А» әрпіне, «ябеда» деген кличкасы бар «Я» әрпінен арыз кеп түседі.Арыз деген қаралуы керек, кінәлісі қамалуы керек. Алфавитті алдына жиып, «А» «Я»-ның арызын оқып береді. «Я» өзіне тән көкірегімен аямай-ақ жазған екен.

 - «Япурай, - деп бастапты арызын, - ялған-ай! Я, аяулы ағаян! Баяғыда сүттей ұйып отырған үркердей ғана әріп едік. Ямандықтың бәрін үстімізге басып кірген кірме әріптерден көріп келеміз. Әкіреңдеп «Ә» келді, ілмиіп «І» келді, үндемей «Ү» келді, ұрланып «Ұ» келді, өңмеңдеп «Ө» келді... Айта берсе таусылмайды! Бәрінен де мына нахал, шолақ құйрық «Қ» әрпінің қорлығы өтті! Келе сала қоразданып «Ш» әрпіне қырындап, «Ш»-ны шырылдатып екі қабат қып тастап кетті! Сорлы «Ш» әрпінен, құйрығы «Қ»-дан аумайтын «Щ» деген қыз туды! Сонымен қоймай «С» әрпінің сауырын сипап жүріп, тағы да құйрығы салбыраған «Ц» деген ұл тапқызды. Шолақ құйрығы өзінен аумай тұрса да «С»-ны сорлатып алмай кетті! Естуімізше ол өз ауылында «Н» әрпімен жүріп, одан туған «Ң» деген балаға да қарамай кеткен көрінеді! Япурай, бұл не дегян яуыздық!? Я, ялғанның ямиршісі аяулы «А» әрпі, осы «Қ» әрпіне бір яза қолданбасаңыз түбі яман боладя!» -  депті.

         Бұрын мұндай сұмдық естімеген Алфавит мелшиді де қалды. «А»-ның аузы аңқиып отыр. «Ж» әрпі жылап жіберді:

«- Жжжаным-ай, жжжалған-ай, бұл «Қ» әрпінің жжжонынан таспа тіліп, жжалаң аяқ жжапанға жжалғыз жжіберу керек! Маржжжандай тізілген әріптер едік, осы «Қ» әрпі сәнімізді бұзып бітті. Одан туған баланың бәрі құйрығы бар урод болып туып жжжатыр! Ж-ж-жжжж...» – деп, еңіреп жіберді.

       Алфавит «А»-ға қарайды, «А» «Б»-ға қарайды. «Б» «Д»-ға қарайды...

«А» әрпінен ақылды сөз шыға қоймасын сезген «У» әрпі удай тілін сумаңдатты:

  « - У-у-уйбайууу! Усундай буларун білгемууу! Бу қағынған «Қ» әрпіне управа булмайдууу! Уайым булду бул әріп. Қабырғаға, дуалға, асфальтке жазылған жаман сөздің бәрі осы «Қ» әрпінен басталады. Кеше біздің аруақты «А» әрпінің мәшинесіне де жазып кетіпті!» деп қойып қалды.

      «А» полиция бастығы «П» әрпіне қарады. «П» пық демейді! Едіреңдеп «Е» әрпі сөз бастады:

    « - Ес біліп, етек жиғалы елім деп еңіреген ердің бірі едім. Бұл Алфавит елінде әділдік болмайды! «А»ның аңқиып, «Б»ның буылып, «Д» әрпінің дымы шықпай отырғанының себебі, құрып кеткір «Қ» әрпі, бәрінің аузын майлап қойған. Жаман сөздерді ғана емес, пайдалы сөздің бәрін осы «Қ» әрпі сатып алып қойған! Тиын салатын «қапшық» - «Қ», ақша салатын «қалта» -«Қ», байлық салатын «қазына» - ол да «Қ»! Қарын тойғызар «қазан» - «Қ», «қарыз» десең – «Қ», «қымбат» десең – «Қ», қызық іздесең – «Қ», қуансаң да – «Қ»,  «қызықсаң да», «қызғансаң да», «құл болсаң да» - «Қ»!

     Корупция деген осы! Жағдайы жақсы сөздің бәрін өздері алып алған, қарашы міне – «ақыл», «алтын», «ақша», «айла» деген сөздер «А»дан басталады, «Әкім», «әділ», «әке» сияқты әйбәт сөздер «Ә»ден басталады! «Бақыт», «байлық» сияқты берекелі сөздер «Б»дан, «данышпан», «доллар» деген дара сөздер «Д»дан басталады! Әуелі «Б» әрпі өзінің семіз әйелі «В» әрпіне «валюта» деген сүйкімді сөзді алып берген! Тізімнің соңында тұрған «Ю» әрпі «ювелир», «Я» әрпі «ярмарка». Бұларға бірдеме десең, «Қ» әрпіне айтады. «Қ» әрпінің «қармағына» ілінсең, «қорқыныш» - «Қ» әрпімен келеді, «қашсаң да» - «Қ», «қусаң да» - «Қ», «қамалсаң да» - «Қ», «қорлайтын да» - «Қ», «қорғайтын да» - «Қ»! «Қ» әрпінің қас-қабағына қарап қалшиып, қатып тұрамыз. Біздің Алфавиттің «қағидасы» - «Қ», «қылмысы» - «Қ», «құрметі» - «Қ», «құдіреті» - «Қ», бетке ұстар «қаймағы» - «Қ»! Сондықтан оған сот жоқ. Себебі – «құқығың да» - «Қ» әрпі!

      «Е» әрпі осылай есіріп бара жатқанда, тұтқиылдан «Т» әрпі тобығынан қағып құлатты. «Е» әрпі шалқасынан түсіп, есеңгіреп, қалай «Ш» әрпі болғанын білмей қалды. «Ё» әрпінің екі көзі тас төбесіне шықты. Ирелеңдеп тілі сақау «И» әрпі деген келіншек сөз алды:

        « - И-и-ибай-ай, ииат-ай, «Қ» әйпінде «қысылу», «қымсыну» жоқ. Қашан болса да қапсиа құшақтап, қытықтап, қатты қинайды...» - дей бергенде, сонау бұрыштан зуылдаған «З» әрпі атып тұрды:

        « - Өзің кінәлі! Әй, «И», өзің икем білдірмесең, «Қ» саған қақтықпайтын еді. Бәрі өззіңнен! Осы Алфавиттегі еркек әріптермен имиіп, ирелеңдеп, итеңдеп жүргеніңді талай көргеміз. Анау байың «қысқа «Й» әрпінің маңдайындағы мүйіз сенің сол инабатсыз қылығыңның арқасы!» - деп, «З» әрпі зар ете түсті.

        «  - Өзіңе қайап алсаңшы әуелі, - деді «И», - әй, «З» әйпі, буылтық-буылтық беліңе қайағанда өзің де «Қ»дан екіқабат болып қалғансың-ау!» деп «И» қарсы атакаға шықты. Асқына бастаған айғайды юрист «Ю» әрпі тоқтатты:

        « - Ню, ендю, былай болсын. Бю «Қ» әрпюн қинай бермейік. Құйрығы болса да, ол да пенде. Қателік кімде болмайды. Дегенмен «Қ» әрпінюң артықшылық қасиеттері де юқ емес. Қасқайып тұратын қайсар мінезю, қаһарман жүрегю бар. Біздің «морзе» болып кетпей, «цифр» болып кетпей тәуелсіз «Алфавит» болып жүргенімюз осы «Қ»ның қырсық мінезінюң арқасы. Соны ұмытпауымыз керек. «Қ» әрпі біздің ерекше қасиетіміздің бірі. Басқа елдің «Алфавитінде» «Қ» жоқ. Сондықтан оны қастерлейік ағайюн! Мен оның  басқа сөздердю тартып алып жатқанына қарсю емеспюн. Бөтен сөзде «Қ» әрпі көбейе берсе, демек, тілдің мәртебесі өскеню. Ел алдындағы ерен еңбегюн ескерюп, оған «эқаномика», «қапитал», «қредит» деген сөздердю сыйға тартар едюм!» деп адвокат «Ю» әрпі сөзін доғарды. Оның сөзінен кейін «Қ» әрпіне көз қарас түзеле бастады. Ақыры «Алфавит» мәжілісі қаулы қабылдады; «Қ» әрпінің халыққа қалтықсыз қызметін ескере отырып, қатаң сөгіс жариалады. Келе жатқан «Әріптер күнінің» құрметіне «А», «Б», «В», «Г», «Д» сияқты ерекше әріптерге алтын бояу сыйлады. Басқа әріптерге де әдемі жазылуы үшін еңбегіне қарай қымбат бояу, гуаштар сыйға тартылды. «Ү», «І» сияқты жуас әріптерге бояу жетпей, китайский қарындашпен жазылса да болады деп шешті. Жиналысқа қатыспай бір бұрышта ұйықтап отырғаны үшін «Ұ» әрпін бір жыл бойы есі дұрыс қағаз бетіне жазбай, «Ұ» әрпі тек «туалетная бумагаға» жасылсын деген қаулы қабылдады.

        Міне осымен ағайын ересектерге арналған кешкі ертегіміз аяқталды. Сіздерді енді қызық-думан көру үшін қамедия-қансерт қөруге шақырамын!

Қоңілдеріңіз қөтеріңкі болсын!

         

                              

 

 

 

 

 

                                      

31 мая 2011 12:58
НАВЕРХ

Асқар Наймантаев. "Алғышбекке ақ бата"

                                       ☺☺☺

 

       «АЛҒЫШБЕККЕ  АҚ  БАТА»

 

        Алдыңа келген пара берсін,

        Арсыз қолың ала берсін.

        Алған сайын қанталап,

        Екі көзің жана берсін.

         Уа, сендерге уыстап берсін,

         Уыстап берсе дұрыстап берсін.

         Таңдайға татитындай,

         Тұз салып, бұрыштап берсін.

        Уа, сендерге шелектеп берсін,

        Жасырып, жауып, бөлектеп берсін.

        Құдай басқа салмасын,

       Түрмеге түссең керек деп берсін.

 

 Оу, сендерге мөшекпен берсін,

 Мелоч емес, кесекпен берсін.

 Түрмеде жатсаң қатты болар,

 Жайлы, жұмсақ төсекпен берсін.

  Портшкеден берсе, төге салсын,

  Беретін жерін сөге салсын.

 Ақыр берген соң, аямасын,

 Тау ғып үйіп, көме салсын.

     Конвертке салып есіктен берсін,

     Бүктеп, бүктеп тесіктен берсін.

     Ішіне бомба, мина салып,

    Өзіңе қатты өшіккен берсін.

Қойны, қоншыңа түгел тықсын,

Ышқырың мен ауыңа сұқсын.

Ақыры құдай жазаңды беріп,

Жегенің желкеңнен  шықсын!

Аумин!

12 мая 2011 15:20
НАВЕРХ

ЕНДІ ҚАЙТЕМ? ...

 Елемейді  есіркегенім

Менсінбейді  мүсіркегенім

Қадіріңді  қабылдамас

Неткен  қиын  кесір дегенің

                                       Енді қайтем !

 

Жұртқа  тілеп жақсылық пен  береке

Өзіме -өзім  ойлап тауып  мереке

Қулығы  жоқ  ақ тілеуім...бәрібір,

Талайларға  болып жүрмін  келеке

                                       Енді  қайтем!

 

Керегі  жоқ жаны ашып, аяғаны

Көлгірсудің  жаттанды  баяғы  әні

Сенбесеңдер  бір күні  алдарыңа

Жүрегімді  қақ бөліп  қоям  әлі!

                                       Енді  қайтем?!

11 мая 2011 09:43
НАВЕРХ

Аскар Наймантаев. "Ой"

                                                   ☺☺☺

 

Қазір көп ойланатын боп жүрмін. Қорықпай-ақ қойыңыз! Ақылдылықтан емес! Ақылдылар ойланбайды ғой.

    Олар  –    ақылдасады,

                    мақұлдасады,

                    жақындасады,

  ақыры  ... мауқын басады.

Сосын мыналар ─   келіспейді,

                                   беріспейді,

                                   бөліспейді,

                                   тегістейді,

                ақыры  ...  көріспейді.

Ал әлгі кімдер ─   үндемейді,

                                 тілдемейді,

                                 үрлемейді,

                                 күндемейді,

           ақыры   ...    бәрібір дым демейді. 

 Ал мынау болса ─ көнеді,

                                   бөледі,

                                   береді,

                                   келеді,

                                   сенеді,

                                   көреді,

                                   өледі ... көнеді...

 Біз ше? Біз ─        ойланамыз,

                                 толғанамыз,

                                 қорланамыз,

                                 алданамыз,

                                 майланамыз,

                                 байланамыз,

                                 айдаламыз,

              ақыры  ...  айналамыз...

 Басқалар ─          қарайды,

                                санайды,

                                тағы қарайды,

                                тонайды,

                                санайды,

                                тағы қарайды,

                               талайды,

                               жалайды,

              ақыры ... бомайды.

   Санайды, талайды, қарайды, санайды, тарайды, санайды, қарайды  ............ .......... жалайды ...

04 мая 2011 10:42
НАВЕРХ

Аскар Наймантаев. "Актер деген халыкпыз"

Өтірікші министр  де, вахтер да,

Жалған  айтар  шенеуінік шахтер да,

Суайттықты  неге  қалқам  теңедің,

Сахнада  ойнап  тұрған  актерға

 

Құдай тар ғып  жаратқасын  маңдайды,

Дарын  шіркін, жұртқа   түгел  қонбайды.

Ғашық  болар  адам түгіл, мақұлық

Бірақ, бәрі  актер  бола  алмайды.

 

Көрерменді  сендіреміз, күлдіріп те, жылап та,

Сөйтіп  жүріп  ілінеміз өсекке де сынаққа

Бәлкім  біздер оңай  ғашық  болармыз

Бізді  сүю  оңай  емес  бірақ та

 

Шөлдаланың  бағы болад, көрсеңіз,

Қарғаның да ағы болад, білсеңіз,

Актер болу  оңай емес  қарағым,

Олардың да  жаны болад, сенсеңіз.

 

 

Актер деген халықпыз, осындаймыз

Басымыздан бір сөзді  асырмаймыз

Тоқсан қыз  төсек  салып  күтіп  жатса

Тегін жатқан құшаққа  асылмаймыз

 

Актер  деген  пендеміз, осындаймыз.

Ғашық болсақ ешкімнен  жасырмаймыз,

Әшкере  боп, өсек боп жатсақ тағы

Өртеніп, жаным бітпей  басылмаймыз.

 

Актер деген  сор маңдай, осындаймыз

«Сүйемін!» деп айтамыз, тосылмаймыз

Актер  болу  оңай  емес  қарағым

Өзің  сүйген  адамға  қосылмаймыз!  

***

28 апреля 2011 09:23
НАВЕРХ

Аскар Наймантаев. "Кезінде отірікте уят болыпты"

О, тоба!

Кезінде өтірікте ұят болыпты,

Ұятсыз қылық өтірікке жат болыпты.

Құшақтасып қасыңда еріп жүрмей,

Өтірік көзге түспес қат болыпты.

 

Шындық та ол кезде шыңғырмапты,

Әдемі даусы бопты, сыңғырлапты.

Өтірік жоқ, шындығың кімге керек,

Шындық іздеп адамдар жын қумапты.

 

Өтірігің бас сұқпапты басқа үйге,

Көңіл-күйі жүреді екен «нәскиде».

Көшеге де шықпайды екен, ұялып,

Отырмапты трамваймен тәксиге.

 

Ел басқарған сұмпайы Ұлық бопты,

Ұлықтың сұлу қызы Қылық бопты,

Өтірік пен Шындығың соған ғашық,

Махаббат екеуіне құрық бопты.

Читать дальше

26 апреля 2011 00:28
НАВЕРХ

Аскар Наймантаев. "Осы біз шынымен-ак есекпіз ау..."

☺☺☺

 

                      Осы біз шынымен-ақ есекпіз-ау...

                      Есек болмасақ, орташа ой болу керек еді,

                      Жалданған, жігері жер жігіттерде,

                      Өз жерінде еңселі бой болу керек еді.

                      Қызығын бөтен көрген байлығымыз,

                      Пайдасы өзімізге, шай болу керек еді.

                      Заманбек пен Алтынбек қабірде емес,

                      Маңдайыңда жанатын Ай болу керек еді...

                      Есек болмасақ, орташа  ой болу керек еді...

 

                       Осы біз расымен де есекпіз бе?

                      Есек болмасақ, керіліп, көсілу керек еді,

                      Ішіңнен тына бермей шешілу керек еді,

                      Баспа бетін быт-шыт қып салғыласпай,

                      Зиялылар бір-бірін кешіру керек еді,

                      Шындықты ұмар-жұмар тыға салған,

                      Қаптың түбі ақырын тесілу керек еді,

                      Үйреніп кетеді деп сене бермей,

                      Тілі таза азаматты өсіру керек еді,

                      Ағайын алтау болған ала ауыздық,

                      Тамыры түп орнымен кесілу керек еді,

                      Шет елде шалқып жүрген қылмыскерлер,

                      Абақтыда «жынданып, есіру» керек еді,

                      Есек болмасақ, шіркін бір көсілу керек еді...

 

                       Апырай, шынымен-ақ есекпіз-ау...

                      Есек болмасақ, азырақ ес болу керек еді...

                      Ес болған соң, азырақ сес болу керек еді...

                      Төңірегің азырақ сескену керек еді,

                      «Аузы қисық болса да» сөйлегендер

                      Анда-санда бізге де дес беру керек еді,

                      Төрін берген адамның төбесіне,

                      Шыға бермеу керегін ескеру керек еді,

                      Тас атқанға ас атып, жалбақтамай,

                      Өз тасын өзіне атып, өш болу керек еді,

                     «Өкпелетіп алармыз» - деп бұға бермей,

                      Ептеп, ептеп  төс керу керек еді,

                     От сұрап кеп, «Отан» деп қалып қойған,

                     Ағайындар «честь» беру керек еді,

                     Өтірік күліп, елжіреген езудің,

                     Көмейіне қол салып тексеру керек еді...

                     Өсетін жеріне кеш келетін бауырлар,

                     Өшетін жеріне де кеш келу керек еді!

 

                     Есек болмаған соң, азырақ ес болу керек еді...

                                                      ☺☺☺

26 апреля 2011 00:26